Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. 2021 жылы - шамамен 4,2 млн тонна ҚТҚ, оның 21,1% қайта өңделген. Осы жылдың қорытындысы бойынша ТҚҚ өңдеу үлесін 24%-ға дейін жеткізілмек. Қайта өңдеу мәселесінде оң динамика бар, бірақ облыстардағы жағдай әр түрлі. Республика бойынша 204 қала мен ауданның 134-інде бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зульфия Сүлейменова Орталық коммуникациялар қызмтінде өткен брифингте осындай мәліметтерді келтірді.
Экологиялық кодекс шеңберінде қалдықтарды мемлекеттік реттеу, атап айтқанда қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау, сондай-ақ қалдықтардың барлық түрлерін жинауды, сұрыптауды, тасымалдауды, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын субъектілер үшін хабарлама жасау тәртібі енгізілді.
«Біз үшін нарықта кім бар екенін түсіну өте маңызды болды, өйткені қоқысты шығарады, төгеді, кетіп қалады. Хабарлама тәртібі осы қызмет түрімен айналысатындарды анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша лицензияны 60-қа жуық ұйым алды, ал хабарлама режимі шеңберінде 290-нан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында қалдықтарды қауіпсіз басқаруды ұйымдастыру үшін негіз жасалды, атап айтқанда, «құрғақ» және «дымқыл» фракциялары бойынша қалдықтарды бөлек жинауға қойылатын талаптар белгіленді; қалдықтарды түгендеу бойынша есептілік оңтайландырылды, бұл қалдықтардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді: жаңа есептілік қалдықтар кімге берілді деген тұлғалардың деректемелерін қамтиды», - деп атап өтті ведомство өкілі.